Атыраудағы Миялы қорғанынан 560 жәдігер табылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 560 жәдігер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипованың айтуынша, арнайы құрылған археологиялық топ үш қорғанда қазба жұмысын екі ай бойы жүргізген.

«Бұл қорғандар біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің заманымыздың ХІ ғасыры аралығын қамтиды. Бұл қорғандарды 2017 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі анықтаған еді. Қорғанның жоғарғы қабаты Х-ХІ ғасырлардан, төменгі қабаты біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдағы темір дәуірінен сыр шертеді», - деді музей директоры Рашида Харипова.


Оның айтуынша, үш қорғанда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде 560 түрлі жәдігер табылған. Оның ішінде алтын мен күмістен соғылған әшекей бұйымдар мен ат әбзелдері, қоладан соғылған қару-жарақтың, керамикалық құмыралар мен қайшы да бар. Қабірдегі адам қаңқасының жамбасында қадалып тұрған жебе сынығы болған.


«Бұл адамның соғыста қаза тапқанының белгісі болуы мүмкін. Оны ғұн немесе оғыз тайпасының өкілі деп топшылап отырмыз. Себебі, қорғаннан табылған мола сол күйі сақталған», - дейді Рашида Харипова.


Енді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Құрманғазы ауданында кезекті археологиялық қазба жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда сарматтар дәуіріндегі алтын әйел бейнесінің эскизі ұсынылған еді.



Соңғы жаңалықтар