Атыраудағы көлік компаниясы 485 млн теңге айыппұл төледі

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда монополиялық жоғары баға белгілеген кәсіпорынға 485 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен Атырау облыстық көлік прокуратурасы «РТИ- Атырау мұнай өңдеу зауытына» ЖШС-нің іс-әрекеттерінен бірнеше бұзушылықты анықтады.

«Серіктестіктің іс-әрекетінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу дерегі тіркелді. Атап айтқанда, вагондарды ағымдық ағытпалы жөндеу қызметіне монополиялық жоғары бағалар белгілеуді қолдаған. Монополиялық ережені теріс пайдаланып бағаларды не тең мәнді келісімдерге әртүрлі шарттарды қолданған. Мұндай бұзушылық дерегі вагондарды беру және жинау, сондай-ақ ағымдағы ағытып жөндеу бойынша жұмыстарды орындау жөніндегі шарттарға қатысты анықталып отыр», -деп хабарлады агенттіктің өңірлік департаментінен.

Атырау облыстық көлік прокуратурасының ұсынысы негізінде «РТИ- Атырау мұнай өңдеу зауытына» ЖШС-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.

«Әкімшілік іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Сот қаулысымен аталған ЖШС-ға жалпы сомасы 485 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Әкімшілік айыппұл мемлекет пайдасына толық көлемде төленді», -деп мәлім етті өңірлік департаменттен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытына бір жылда 100 млн теңгенің айыппұлы салынғанын хабарлаған болатынбыз.

Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтырғы 9 айда Атырау мұнай өңдеу зауытына 4 рет жоспардан тыс тексеру, 1 профилактикалық бақылау жүргізілген. Тексеру қорытындысымен Атырау мұнай өңдеу зауытына экологиялық заңдылықтың талаптарын бұзғаны үшін 100 млн 672 мың теңге әкімшілік айыппұл салынған.


Соңғы жаңалықтар