Атыраудағы «Иманқара үңгірінің» атауы қайдан шыққан

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат -Атырау облысындағы Иманқара үңгірі - жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштердің бірі. Бұл ескерткіш Атырау облысы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары құрамына енген. Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов ҚазАқпарат тілшісіне ескерткіш жөнінде толығырақ айтып берді.

Фархад Байдәулетовтің пікірінше, киелі орын Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жердегі Иманқара тауында орналасқан. Таудың ұзындығы 2 км, ені 300, биіктігі 200 метр. С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген әдеби кітабында 1944 жылы бұл үңгірге неміс-фашистердің диверсиялық топтары жасырынғанын баяндайды.

Иманқара үңгірі алғаш табиғи үңгір болуы да мүмкін. Кейін ол тау жыныстарының жұмсақтығынан кеңейтіліп, қазіргі жобасына өзгертілген. Иманқара тауының үстіндегі ерте темір дәуіріне жататын сармат қорғандарының болуына қарағанда, Иманқара үңгірінде адамдар мекендеуі немесе үңгірді жерасты ғибадатхана ретінде пайдаланған болуы мүмкін.

Үңгірдің биіктігі - 2 метр, ені - 2,5 метр. Тереңдігі - 25 метр. Тіктөртбұрышты болып қазылған. Үш дәлізден және қуыстардан тұрады.

Ел ішінде Үңгір де тау атымен «Иманқара үңгірі» деп аталады. Алғашқы кезде адамдар бұл өңірді Жаңа тас (неолит) дәуірінде біздің эрамызға дейін 5-3 мың жыл мекендегені белгілі. Кейін ерте темір дәуірінде және орта ғасырда да Иманқара тауында адамдар мекендеп, обалар мен қорымдар салған. Одан соң үңгір жерасты храмы ретінде пайдаланылған екен.
null

Жасанды үңгірлер пайдалы қазба байлықтары нәтижесінде қазылатыны анық. Мәселен, Жезқазған жерінде өте ерте кезде мыс кендерін қазып алған жасанды үңгірлер көп.Сондай-ақ, үңгірлерді отқа табынушылар, буддалықтар жер асты храмдары ретінде өздері қазып алғандары жайлы тарихта айтылады. Оңтүстік Қазақстанда, Маңғыстау жерінде ондаған жер асты үңгірлері мен қорымдары ислам діні келгенге дейін «киелі орындар» болып, кейіннен мешіттерге айналған.  Мәселен, Шақпақ  ата (9-10 ғ.), Шопан  ата (10-13 ғ.), Есен  ата (12-13 ғ.), Бекет ата (1777-80 жж.), Сопыбай әулие (18 ғ.), тағы басқа үңгірлер соның дәлелі.

«Иманқара тауы ұшы қиырсыз жазық далада ондаған шақырымнан ерекше көрінеді. Таудың жанында ақ ұлу, бор тастан жасалған кішігірім төбелер тұр. Бір кездері тау-тастың айналасынан ерте кездегі динозаврлар мен ежелгі акулалардың да қаңқа сүйектері, тістері табылған екен. Ерте дәуірдің тылсым да, таңғажайып дүниелері, көне жәдігерлері өлкетанушы Юрий Пастуховтың палеонтологиялық  мұражайында  бар», - дейді Ф.Байдәулетов.

«Иманқара» деген атау қайдан шықты?» дегенге екі болжам айтылады.  Біреуі - кісі аты. Иманқара деген адамның құрметіне қойылуы мүмкін.

«Иманқарамен Қойқара таулары кезінде Адай көтерілісі бастау алған жер болды. Мүмкін, көтерілісті бастаған немесе ерлігімен көзге түскен батырлардың есімдерімен аталған болуы керек. Сондықтан, тарихты зерттегенде бір ғана нұсқаны алмай, жан-жақты дәлелдерді келтірген дұрыс», - дейді өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев. 

Ө.Әлімгереев айтып отырған екінші тау - Қойқара тауы да Иманқараның дәл жанында орналасқан. Алыстан үлкенді-кішілі боп, иық тіресіп тұрады.

Екінші нұсқада,  «Иман» сөзінің араб тілімен байланыстырылатыны айтылады

Бұл жердегі сөздің түбірі «Иман» - биік, ұлы, қасиетті, киелі деген ұғымдарға саяды. «Қара» сөзі - кәдімгі алыстан қарауытып, «көз ұшында тұр» деген мағынада.  Осыдан келіп ол толықтай Иманқара деген атау алған. Моңғолдарда да «хара» сөзімен бітетін биіктік атаулары кездеседі. Фоносемантикалық сипатына қарай, Иманқара, Қойқаражер атаулары XII-XIII ғасырлардан кейін пайда болса керек. Қойқара атауытөбенің биіктігін төрт түліктің бірі - қоймен салыстырып қойылған. Яғни, «биік емес, аласа төбе»  деген мағынаны береді.

Соңғы жаңалықтар