Атыраудағы этносаябақта қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Наурыз мерекесіне орай этносаябақта қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының маңындағы Еркінқала ауылдық округінде «Nurly Tal» этнографиялық саябағы бар. Аталған саябақта Наурыз мерекесіне орай «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік іс-шара өтті.

Саябақта бірнеше киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылды. Келушілерді қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі қызықтырды.

«Шығыс халықтары үшін Наурыз мейрамы – жаңа жылдың бастауы. Бұл күні табиғат жаңарып, қыстан аман шыққан жұрт ағайын-туысымен, дос-жаранымен қуаныса қауышады. Мерекеде қала тұрғындарына ерекше көңіл күй мен ұмытылмайтын естелік қалдыруды жөн көрдік. Осы мақсатта «Smart Ana» қыз-келіншектер даму орталығының қолдауымен және Атырау қаласындағы демеушілердің көмегімен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін өткіздік. Тұрғындар мерекелік концертті жылы қабылдады. Қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарын, ұлттық нақыштағы отандық өнімдерді қолдауға атсалысты», - дейді «Smart Ana» әйел-қыздар даму орталығының директоры Динара Ваисова.


Сондай-ақ, мерекелік іс-шарада викториналық сұрақтар қойылды. Оның дұрыс жауабын тапқандарға арнайы сыйлықтар тапсырылды. Жұртшылық назарына ұлттық ойындар ұсынылды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық оқушы қыз Дария Болаттың асау үйретіп, ат үстінен садақ ататынын хабарлаған болатынбыз. Атқа құмар оқушы қыз күніне 4-5 сағатын тұлпарын баптауға арнайды. Жем-шөбін, суын жаңартып, серуенге алып шығады.

«Біздің ауылда атқа мінуді серік еткен 10-ға жуық ер бала бар. Сол ұлдармен бірге мен де атқа мінуді үйреншікті әдетіме айналдырдым. Тұлпарымның қасында жүрсем, уақыттың қалай тез өткенін аңғармай қаламын. Болашақта ұлттық ат спортының өркендегенін қалаймын. Сол себептен, оған өзімнің үлесімді қосқым келеді. Осы мақсатымды іске асыру үшін Алматыдағы қазақ қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсуге дайындалып жүрмін. Жоғары білім алып, ұлттық спортты дамытуға қызмет ететін білікті маман болғым келеді», - деп мақсатымен бөлісті ол.


Соңғы жаңалықтар