Атыраудағы дәрігерлер династиясы сабақтастықты үшінші буынға жалғап отыр

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық Басаролла Харесовтің отбасын дәрігерлер династиясы деуге болады. Үш буынға жалғасқан дәрігерлік кәсіпті екі уролог, фтизиатор, окулист, невропатолог, стоматолог, жалпы тәжірибе дәрігері жалғастырып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басаролла Харесовтің мамандығы – уролог. Ақтөбе медицина институтын 1969 жылы бітірген. Еңбек жолын Атырау облыстық ауруханасында бастаған. Осы ауруханада дәрігерлік тәжірибесі шыңдалып, 1972-1973 жылдары бас дəрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болған. Одан соң облыстық қан құю стансасын басқарды. Ал, 1986-1993 жылдары облыстық ауруханаға қайта оралып, бас дəрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 1993-2006 жылдары урология бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған. Кейін уролог-ординатор ретінде науқастарды емдеп, жас буынды осы мамандықтың қыр-сырына үйретті. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанған.

Оның өмірлік жары Базаргүл Мырзағалиеваның мамандығы – фтизиатр. Өкпесіне дақ түскен жандарды емдеуге атсалысып, мамандығына адалдығынан айныған жоқ.

«Біз балаларымыздың жолымызды жалғастырғанын қаладық. Өйткені, ақ халат киген дәрігердің жаны аппақ, жүрегі таза болады. Адамзат үшін ең қадірлі мамандық – дәрігер. Сондықтан, балаларымызға бұл мамандықтың маңызын ұғындыра алдық деп ойлаймын. Соның нәтижесіндей, төрт баламыздың екеуі дәрігер мамандығын таңдады. Біздің дәрігерлік кәсібіміз үшінші буынға жалғасты. Қазір әулетімізде жеті дәрігер бар», - дейді ардагер.

Әке-шешесінің дәрігерлік жолын жалғастырған Әлібек Басароллаұлы 8-сыныптан соң Атырау медициалық училищесінде оқыған. Жазғы демалыста жедел жәрдем стансасында санитар болды.

Ал, қызы Венера окулист болуды мақсат еткен. Адамның көз жанарын сақтауға үлес қосу үшін жоғары білім алған. Қазір жоғары санатты дәрігер облыстық офтальмология ауруханасындағы білікті маманның біріне айналды.

«Жоғары білім алу үшін М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясына оқуға түстім. Мамандығым – уролог. Қазір әкемнің жолын жалғастырып, облыстық ауруханада жұмыс істеймін», - дейді Әлібек Басароллаұлы.

Осы әулеттің келіні Гүлсім Қазмағамбетова да дәрігер мамандығын таңдаған. Ол да Ақтөбедегі медициналық академияны бітірген. Қазір облыстық балалар ауруханасында невропатолог болып жұмыс істеп жүр. Әлібек Басароллаұлы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр.

Дәргігерлер династиясының үшінші буынын Балжан Əлібекқызы мен Нұржан Нұрланұлы жалғастырып келеді. Балжан стоматология саласын меңгерген. Ал, Нұржан – жалпы тəжірибе дəрігері.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 14 медициналық емдеу нысаны салынатынын https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysynda-14-medicinalyk-emdeu-nysany-salynady_a3943317 жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар