Атыраудағы Дамбы ауылының сайлаушылары 3 үміткердің бірін таңдайды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласына таяу орналасқан Дамбы ауылында 1 891 сайлаушы тіркелген. Олар 3 үміткердің бірін таңдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дамбы ауылдық округіндегі №68 сайлау учаскесі Амангелді атындағы мектепке орналасқан. Учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Мереке Тайровтың мәліметінше, бұл ауылда 3 600-ден астам тұрғын бар. Оның ішінде дауыс беру құқығы бар 1 891 сайлаушы тіркелген.

«Сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-де ашылды. Бұл ауылдан әкім лауазымына 3 үміткер тіркелді. Сайлау учаскесі ашылған сәтте алғашқы болып ауыл тұрғыны Альберт Машқалиев өзі таңдаған үміткерге дауыс берді. Жергілікті уақытпен сағат 10:00-ге дейін 234 сайлаушы өз таңдауын жасады» -дейді Мереке Тайров.

Оның айтуынша, сайлаушылардың жасырын дауыс беруі үшін 5 кабина орнатылған. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тағы бір кабина жабдықталған. Арақашықтықты сақтау жөніндегі нұсқаулықтар ілінген. Сайлау учаскесінің кіреберісінде сайлаушылардың дене қызуы өлшенеді. Солан соң «Ashyq» жүйесіндегі QR код арқылы өткізіледі. Сайлаушылар дауыс берген соң басқа есік арқылы сыртқа шығады.

«Сайлау учаскесіне келе алмайтын, мүмкіндігі шектеулі немесе егде жастағы тұрғындар үшін арнайы өкіл үйіне барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасайды. Сондай сайлаушылардан 36 өтініш түсті. Түскі сағат 12-ге дейін тұрғындардан түскен өтініштер жинақталып, жылжымалы дауыс беру шаралары ұйымдастырылады» дейді М.Тайров.

Бұл ауылда дауыс беруге отбасымен келгендер де бар. Соның бірі – мектеп мұғалімі Ботагөз Мадағаева күйеуімен, ата-енесімен бірге таңдауын жасады.

«Мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Осында тұратын болғандықтан, ауылдың болашағына бей-жай қарай алмаймыз. Ауылымыз өркендеп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарғанын қалаймыз. Біздің ауылда белсенді жастар көп. Олар ашық алаңда әр түрлі спорттық турнир ұйымдастарып, жас буынның, әсіресе, мектеп оқушыларының саламатты өмір салтын ұстануына атсалысып жүр. Жас волонтерлер қайырымдылық акцияларын өткізіп, тұрмысы төмен отбасыларға баспана мен азық-түлік себетін сыйлап келеді. Ауыл әкімі қазақтың қайырымдылық қағидасын өнегелі ісімен дәлелдеп жүрген осындай белсенді жастарға қолдау білдірсе, тұрғындардың ауызбіршілігі артып, жаман әдеттен арылған болар еді» -дейді Ботагөз Мадағаева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 36 сайлау учаскесінде дауыс беріліп жатқанын, сайлаушылар белсенділігі байқалып, әкім сайлауын 125 байқаушы бақылағанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар