Атыраудағы блокпосттар брондалған техникамен күшейтілді
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атыраудағы 4 блокпостта 60-қа жуық әскери қызметші екі ауысыммен кезекшілікті атқаруға кіріскен. Әскерилер кезекшілікті полиция қызметкерлерімен бірге атқарады. Олардың блокпосттардағы қызметін күшейту мақсатында 4 «Арлан» брондық техникасы бөлінген.
«Шектеу бекеттеріне тәжірибелі әскери қызметкерлер тартылды. Олар қазіргі қалыптасқан жағдайды және аймаққа қандай қауіп төніп тұрғанын жақсы түсінеді. Әскери қызметшілер түрлі қызметтік жағдайларда дұрыс шешім қабылдап, халық игілігіне қызмет етуге әзір» -деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Нұрлан Алдияров.
Бұған дейін «Батыс» өңірлік қолбасшылығынан нысандарды дезинфекциялауға, қаланы патрульдеумен бірге, блокпосттарды күшейту үшін тиісті дайындығы бар келісімшарттағы әскери қызметшілер тартылған болатын.