Атыраудағы барлық мектептің маңындағы жол сызықтары жаңартылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда полиция қызметкерлері жаңа оқу жылына орай қаладағы барлық мектептің айналасындағы жол сызықтарын жаңартып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бұған дейін де жол инфрақұрылымы элементтерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген болатын. Бірақ жаңбыр мен қардың әсерінен бірте-бірте жол элементтерінің барлығы жарамсыз болып қалады, не болмаса оларды көру қиынға соғады. Сондықтан жаңа оқу жылынада дәстүрге орай оқу орындарының маңында зебралар мен жол сызықтарын, белгілерді ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі. Мектептердің жанындағы өткелдер ғана емес, сонымен қатар балалар мектепке барған кезде жиі жүріп өтетін жолдарға да сызылады. Бұл жолдардың барлығы арнайы қадағаланады. Биылғы жұмыс тамыз айында басталды. Оқу жылы басталғанға дейін полицияның нұсқауына сәйкес саладағы мамандандырылған құрылыс компанияларының бірі мектептердегі жаяу жүргіншілер өткелінде жүзге жуық жол белгілерін орнатқан. Жасанды кедір-бұдырлар да жаңартылды», - деп мәлімдеді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қала маңындағы 11 мектептің айналасына жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталғаннан кейін жол сызықтары да жаңартылады. Бұрын қала маңындағы ауылдардағы мектептердің көпшілігінде мұндай мүмкіндік болмаған. Себебі, мектептердің жанында асфальт төселген жолдар болмаған. Соңғы жылдары қалада қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазір мектептердің көбінің айналасындағы жолдар жақсы. Сондықтан, мектеп маңына жолдан балалар өтетін өткел салуға мүмкіндік бар.

Соңғы жаңалықтар