Атыраудағы балық өсіретін зауыт экспортқа қара уылдырық шығармақ

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында судан маржан сүзіп, балық өнімдерімен ішкі нарықты қамтып отырған 19 құрылым бар. Соның бірі – «Сaspian Royal Fish» ЖШС. Бұл серіктестіктің балық өсіру зауытында бағалы бекіре тұқымдас балық өсіріліп, қара уылдырық дайындалады. Былтыр 12,5 тонна бағалы бекіре тұқымдас балық пен 520 киллограмм тағамдық қара уылдырық өндірген зауыттың бас балық өсірушісі Ахат Ниматов бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– «Caspian Royal Fish» ЖШС балық өсіру зауытын қашан іске қосты?

–Бұдан оншақты жыл бұрын елімізде экономиканы әртараптандыру мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы іске асырылды. Өйткені, үнемі шикізаттық ресурсты өндірумен ғана экономикаға серпін беру мүмкін емес. Оның үстіне өңірдің балық шаруашылығы саласындағы ірі құрылым –«Атыраубалық» АҚ банкроттыққа ұшырады.

Осының бәрі Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында балық зауытын ашуымызға себеп болды. Сөйтіп, 2014 жылы Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылының аумағынан балық өсіру зауытын іске қостық. Зауыттың жалпы құны 5 миллион 728 мың АҚШ долларын құрады.


–Балық өсіруге табиғи су айдынындай орта қалыптастыру үшін зауытқа қандай технология орнатылды?

–Әрине, мұндай зауытты ашу да, балықты өсіру де оңай емес. Өйткені, балыққа табиғи су айдыны секілді қолайлы орта қажет. Ал, елімізде балық өсіру зауытына қажетті технологияны табу қиын. Сондықтан, Финляндиядан голлландиялық технологияға негізделген қондырғыларды сатып алдық. Оны орнатумен Hesy компаниясы айналысты. Бұл –әлемде осындай 25 зауытқа озық технологияны орнатқан голландиялық компания. Рас, өзге елдердің компанияларынан да ұсыныс болды. Бірақ, біздің таңдауымыз Hesy компаниясына түсті.

Қазір біздің зауытта балық өсіретін 26 бассейн, тұйық сумен қамтуға арналған 4 қондырғы бар. Бассейндердегі су бірнеше сүзгіден өткізіледі. Ондағы судың құрамы арнайы зертханада тексеріледі. Су температурасы әртүрлі болуын қадағалаймыз. Мәселен, 16-180 жылы су балық шабақтарын өсіруге қолданылады. Ал, +20-220 су уылдырық беретін балықтар үшін қолайлы болып есептеледі. Сондай-ақ, шабақтан өскен балықтардың тұйық су айдынына бой үйретуіне су температурасы +3-50 болуы керек. Мұндай суда балықтар екі айдай болады.


–Қазір зауытта қанша адам жұмыс істейді?

–Білікті мамандарсыз осы заманғы озық технологиямен жұмыс істеу мүмкін емес. Сол себептен, алдымен жергілікті мамандарды шетелдік технологияны жетік меңгеруі үшін арнайы курстарда оқытып алдық. Біздегі мамандардың дені – ихтиологтар. Олар Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алғандар. Бүгінгі таңда зауытта жергілікті 25 адам жұмыс істейді. Соның ішінде 5 балық өсіруші, 4 машинист-оператор, 1 лаборант бар.

–Зауытта қандай балықтар өсіріледі? Оны қайдан алдыңыздар?

–Басты мақсатымыз –тауарлы бекіре тұқымдас балық өсіру. Сол себептен, зауыт ашылған жылы Башқұртстаннан 15 мың бекіре тұқымдас балық әкелгенбіз. Польшадан орыс бекіресінің 100 мың дана уылдырығын әкеліп, зауыттағы бассейндерде өсірдік. Алты жылдың ішінде бұл балықтардың салмағы 8-9 киллограмға жетті. Жалпы зауытта 60 тонна бекіре тұқымдас балықтың 4 түрі өсірілуде. Олар –орыс бекіресі, сүйрік (стерляд) пен қортпа, сібір бекіресі. Арасында 3-5 жылдық балықтар да кездеседі.


Балыққа қажетті жемді Польшадан алдырып отырмыз. Себебі, тұйық суда өсірілетін балық үшін сапасы жоғары жем қажет. Рас, балық жемі Қазақстанда да, Ресейде де бар. Бірақ, сапасы Польшадан әкелінетін жемнен төмендеу болып тұр.

–Бекіре тұқымдас балықтар өнімін қайда өткізесіздер? Өнім бағасы қандай?

–Алдымен тауарлы бекіре тұқымдас балықтар өнімімен ішкі нарықты қамтуды көздедік. Өйткені, мұндай өнімге отандық тұтынушылар тарапынан сұраныс көп. Мәселен, былтыр ішкі нарыққа 12,5 тонна бекіре балығының өнімін ұсындық. Сондай-ақ, бекіре тұқымдас балықтардың 520 киллограм қара уылдырығын шығардық.

Жыл сайын біздің көрсеткішіміз жақсарып келеді. Биыл ішкі нарықты 620 киллограмм қара уылдырықпен қамтуды жоспарлап отырмыз. Өнім бағасына тоқталатын болсақ, сүйріктің қарауылдырығының бір килосы 250 мың теңгемен бағаланады. Ал, орыс бекіресінің қара уылдырығы –300 мың теңге. Бекіре тұқымдас балықтардың бір килосы 3000 теңгеден сатылады. Негізінен балықтардың аталық түрі сатылымға шығарылуда.


–Алдағы жылдары іске асыруды көздеген қандай жоспар бар?

–Біздің мақсатымыз – болашақта жылына 100 тонна бекіре тұқымдас балықтар етін, 1 тоннаға дейін тағамдық қара уылдырық дайындау. Қара уылдырықтың жартысын экспортқа шығару. Сонымен қатар, біз бекіре тұқымдас балықтардың шабағын өсіріп, Жайық өзеніне жіберу мәселесімен айналысуды көздеп отырмыз. Өйткені, біз де өңірдегі су айдынын балық қорымен толықтыруға үлес қосқымыз келеді. Бұл үшін бізде мамандар жеткілікті. Біз шабақтарды 3-10 грамға дейін өсіріп, өзенге шығара аламыз.

Бірақ, бұл жоспарды іске асыруға Атыраудағы бекіре шабағын өсіру зауыттарының көмегі қажет. Біз олардан бекіре балықтарының шабағын алғымыз келеді. Ал, олардан шабақтарды алу үшін тиісті министрліктің рұқсаты керек. Біз осы мәселеге орай ұсынымызды бердік. Енді бұл мәселе оң шешілетініне сенеміз.


–Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар