Атыраудағы балық өсіретін кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Президент Атырау облысы халқымен кездесуде осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыстағы балық шаруашылығын дамыту қажет. Бұл – осы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балықтың түр-түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары. Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту аса маңызды», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, алық шаруашылығымен айналысатын кооперативтердің техникасын жаңарту қажет.

Осы жердің ауланған балығы Ресей, Әзербайжан, Израиль сияқты елдерге экспортталып жатыр. Көбіне мұздатылған, өңделмеген шикі балық жіберіледі.

«Шын мәнінде, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұған облыстағы балық кәсіпорындарының шамасы жетеді. Олардың жұмысын халықаралық сапа стандартына сәйкес келтіру керек. Сондықтан, қазіргі жағдайды ескере отырып, өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын», - деді Президент.


Фото:s.newslab.ru


Соңғы жаңалықтар