Атыраудағы «Алтын» қорымы жөнінде не білеміз

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының Махамбет ауданындағы Ортақшыл ауылынан шығысқа қарай төрт шақырым жерде кішкене төбе үстінде «Алтын» көне қорымы жатыр. Бұл қорым жергілікті маңызы бар киелі орындар тізіміне енген. Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов ҚазАқпарат тілшісіне қорым жөнінде толығырақ айтып берді.

Фархад Байдәулетовтің мәліметінше, қорымның іргетасы ХIХ-ХХ ғасырдың бас кезінде қаланған. Жалпы ол солтүстік Каспий жағасындағы діни мемориалдық кешеннің ең ірісі. Аңыз бойынша қорым осы жерде жерленген Алтын деген әйелдің есімімен аталған. Қорым басында 200-дей көзге түсетін құрылыс бар. Мазарлар өңірге көп таралған үйтам үлгісінде шикі кірпіштен салынған. Күмбез төбесі киіз үй шаңырағы тәріздес. Құлпытастардың жасалу үлгісі мен көлемі аймақта сирек кездеседі.

«ХIХ ғасырдың орта кезінде жасалғандары Маңғыстау үлгісіне ұқсас дейді. Бірқатар өрнектері мен эпиграфиясында Еділ татарларының жерлеу дәстүрі байқалған. Ол жерде өңделмеген тас бағана да бар деседі. Қорымды алғаш рет 1988 жылы «Казпроектреставрация» институты мамандары зерттеп, 1990 жылы мемлекеттік қорғауға алынған. «Алтын» қорымы туралы тарих ғылымының докторы, профессор С.Е.Әжіғали «Көшпенділер архитектурасы» деген кітап жазды. Ол кітабында Беріш-Себек руының екі қорымы «Алтын» және «Қатын» қорымдары барын, олар апалы-сіңлілі қыздардың атымен аталғанын жазады. Сол кездегі бір отбасындағы 9 қыздың тұңғышы Алтын болса, кенжесін ұл болады деп күткен әкесі оның атын «Қатын» қойғанын айтады. Қарақшылар қолынан қапыда қаза болған Алтын осы жерде жерленгендіктен қорым осы қыздың атымен аталса керек. Одан 25 шақырым жерде екінші қорым әлі табыла қойған жоқ. 1942 жылы жасақталған Бас штабтың картасында ауданның Сарытоғай селосынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым шамасында «Қатын» қорымы белгіленген дейді. Алтынның сіңлісі жерленген орын осы жер болуы мүмкін. Онда алдағы уақытта зерттеу жұмыстары жалғасатыны жоспарланған», - дейді Фархад Байдәулетов.

Жалпы «Алтын» қорымында Айтуар мен Бегәлі би де жерленген деседі. Негізінен бұл қорымда Беріш руының Себек бөлімінің адамдары жерленген. Ескі құлпытастар арасында бір ғана Адай руының құлпытасы бар көрінеді.

Қазіргі таңда «Алтын» қорымындағы есепке алынған нысандардың жалпы саны 60-тан асады. Асқан шеберлікпен қашап жасалып, көне сөздермен көмкерілген құлпытастардың әрбіреуі тарихи жәдігер.

«Өткен жылы біздің Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының қызметкерлері «Алтын» қорымындағы араб-төте жазуымен жазылған бірқатар құлпытастарға зерттеу жүргізіп, онда жазылған көне жазуларды оқыды. Аталмыш инспекция қызметкерлері 68 адамның құлпытасын зерттеп, кітапқа енгізді», - дейді Ф.Байдәулетов. 
nullnull

Соңғы жаңалықтар