Атыраудағы 91 метрлік тутұғыр түнде жарықтандырылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі қайта қалпына келтіріліп жатқан Исатай-Махамбет алаңына және тутұғыр құрылысына барды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы биыл жазда басталған алаңды қалпына келтіру жұмысының барысын тексерді. Қазір мердігер мекеме жерді дайындау және бетон құю жұмысын аяқтауда. Дренаж жүйесі толығымен ауыстырылды, су құбыры орнатылып, жаңа субұрқақтарға алаң дайындалды. Алаңдағы жасыл желектердің барлығы Талқайраң кентінің аумағына көшірілді. 

Орталық алаңды қалпына келтіру барысын қараған Нұрлан Ноғаев мердігерлерге алаң аумағын көгалдандыруға назар аударуды тапсырды. 

«Алаңды қалпына келтіргеннен кейін жасыл алқапқа айналдыру керек, адамдар теректердің саяларында демалулары үшін жасыл желек санын көбейту қажет. Сондай-ақ, орындықтар жеткілікті болуы, қоғамдық дәретхана секілді қажеттіліктер болуы тиіс», - деді мердігер мекемелерге Атырау облысының әкімі.

Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес белгіленген аумаққа екі көлемді сәулет композициясы, үлкен және шағын субұрқақтар, бассейн, орындықтары бар перголалар орнатылады. Алаңның басты көрнекілігі көбікті субұрқақ қондырылған бассейні бар мәрмәр домбыра түріндегі сәулет композициясы болады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімі биіктігі 91 метр болатын тутұғыр құрылысымен де танысты. Ол Құлманов пен Жангелдин көшелерінің қиылысындағы жаңа алаңға орнатылады.

Нысанның алаңы 57 шаршы метр, тутұғыр биіктігі 91 м. 112 шаршы метр жаңа алаңға орнатылған 91 метр биіктіктегі мемлекеттік ту облыс орталығының кез келген нүктесінен анық көрінетін болады. Жобада құрылыстың екі жағында орналасатын екі субұрқақ қарастырылған. 

«Осы нысанға байланысты ұсынысым бар. Жаңа алаңға қазіргі заманғы ең жақсы жарықтандыру орнатылса, тутұғыр қараңғы түнде де алыстан көрініп тұрар еді», -деді Нұрлан Ноғаев мердігер мекеме басшылығына.

Өз кезегінде орталық алаң мен тутұғыр құрылысын қаржыландырып отырған «ТШО» ЖШС басшылығы нысандар уақытында және сапалы түрде тапсырылуы үшін барлық мүмкіндік жасалатынына уәде берді.

Айта кетейік, тутұғыр Атыраудағы ең биік құрылыс болады және жергілікті көрнекі жерлер қатарына енеді деп күтілуде.

Атыраудағы жаңа алаң мемлекетке қайтарылған, пайдаланылмаған жер учаскесіне салынған.   

Соңғы жаңалықтар