Атырауда жылу маусымына 6,3 млрд теңге бөлінген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында 2020-2021 жылғы беру маусымына дайындыққа 6,3 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Тұхфатовтың мәліметінше, 3,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен, қалғаны 2,7 млрд теңгесі кәсіпорындар есебінен қарастырылған.

«Көпқабатты тұрғын үйлердің 98 пайызы, ал білім беру, медициналық ұйымдар нысандары толықтай гидравликалық сынақтан өтті. Бұдан бөлек, ұзындығы 782,8 шақырым болатын электр, 3,08 шақырымдық су мен кәріз желілерінің, сондай-ақ, 20 шақырымға жуық жылу желісі түгелдей жөндеуден өтті» – деді Б.Тұхфатов.

Басқарма басшысының айтуынша, «Нұрсая» ықшам ауданындағы ұзындығы 3 шақырымнан астам магистральды жылу құбырына жөндеу жұмыстары жасалған.

Бірақ бұл бағытта шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тұралап қалған жұмыстарды қайта жандандырып, жедел шешу бағытында тиісті органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.

«Облыста көпқабатты тұрғын үйлерге жылыту қазандықтарын орнатуда талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі. Осы мәселеге нақты талдау жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, аймақта табиғи газ тұтыну бойынша 15 млн теңге көлемінде дебиторлық берешек бар. Оны өтеу үшін нақты жоспар жасалуы тиіс. Ал, Атырау қаласы мен аудан әкімдеріне жылу беру маусымына бөлінген қаражаттың заң шеңберінде игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыс орталығындағы 31,5 шақырым иесіз жылу желісі мен «Балықшы», «Береке», «Нұрсая» шағын аудандарын теңгерімге беру жұмыстары ұйымдастырылуы керек», – деді Махамбет Досмұхамбетов.


Соңғы жаңалықтар