Атырауда жылдың үздік кәсіпкерлері анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жылдың үздік кәсіпкерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев жыл қорытындысымен анықталған үздік кәсіпкерлерді марапаттады.

«Биыл пандемияға байланысты түрлі мәселелер туындады. Қиындықтар болды. Әсіресе, алғашқы кезеңде ауруханаларда өкпені жасанды желдету аппараттары, басқа да қажетті құралдар, медициналық бетперде, дәрі-дәрмек жетіспеді. Сол кезде жергілікті кәсіпкерлер көмек көрсетті», - деді Әлібек Нәутиев.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жүрген 8 кәсіпкерге Атырау облысы әкімінің алғыс хатын табыс етті.​ Сондай-ақ, «Жыл кәсіпкері 2020» байқауының жеңімпаздары анықталды. «Бизнес жобаның жаңашылдығы» номинациясына Бақытжан Дариева, Самал Жұмашева, Абзал Артықбаев, «Жыл меценаты 2020» номинациясына Әсет Мәмбетов, Болат Бошанов, Төкен Жұмағұлов, «Жыл кәсіпкері 2020» номинациясына Қанат Сыдихов, Марат Өмірзақов ие болды. «Жыл кәсіпкері 2020» номинациясының жеңімпазы болып «Брандо» ЖШС-нің құрылтайшысы Махмут Мералиев танылды.

«Жыл меценаты 2020» аталымымен марапатталған «Транс – Ойл ББ» ЖШС директоры Болат Бушанов жергілікті кәсіпкерлерді көмек көрсетуге шақырды.

«Қиын кезеңде тұрғындарға көмек көрсету – бәріміздің парызымыз. Сол себептен, дәрігерлерді қонақ үй мен ыстық тамақпен қамтамасыз еттік. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болса ғана экономика өркендейді. Осы орайда кәсіпкерлерді бірігіп көмек көрсетуге шақырамын», - деді Болат Бошанов.

Еске ала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында кәсіпкерлерді қолдауға 4,9 морд теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар