Атырауда жыл басынан бері 720 алаяқтық дерегі анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 720 алаяқтық дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Нұрмұхамбет Муталиевтің мәліметіне сүйенсек, оның іщінде интернет-алаяқтыққа қатысты 407 дерек тіркелген.

«Атырауда интернет-алаяқтық әлеуметтік желілер мен хабарландыру сайттары арқылы жиі жасалады. Соған байланысты облыстық полиция департаменті жыл басынан бері «Anti Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Соның нәтижесінде өткен жылдарда жасалған 21 құқық бұзушылық анықталып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр», - дейді тергеу басқармасы бастығы Нұрмұхамбет Муталиев.

Ал, криминалды полиция басқармасы басшысының орынбасары Аман Ізмағамбетовтің айтуынша, Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2021-2022 жылдарға арналған ақпараттық технологиялармен жасалатын алаяқтықты анықтау, тергеуге байланысты арнайы бағдарлама дайындалған.

«Тергеу кезінде алаяқтық қылмысын өзге өңір тұрғындары жасайтыны анықталды. Соның ішінде Өскемен қаласы тұрғынының 13 эпизодқа қатысы дәлелденді. Ал, Павлодар қаласы тұрғынының 8 дерекке қатысы бар болып шықты. Қазір бұл істерге қатысты процессуалдық шешім қабылданды» деп мәлім етті Аман Ізмағамбетов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 60 адамды жұмысқа орналастыруға уәде берген алаяқ ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар