Атырауда жыл басынан бері 251 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жыл басынан бері жолдың қарсы бағытына шыққан 251 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5-11 желтоқсан аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

«Іс-шараның мақсаты – жол қозғалысы ережесін бұзған, оның ішінде көлік құралдарын мас күйінде басқарған жүргізушілерді анықтау, сондай-ақ қоғамдық орындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тиісті шара қолдану. Осыған байланысты әлеуметтік желіде жол ережесін қасақана бұзған ер адам туралы видео тарған еді. Полиция қызметкерлері «Ваз – 21144» автокөлігінің рульінде болған 20 жастағы жүргізушіні анықтады. Ол Атырау қаласындағы С.Бейбарыс даңғылы арқылы өтетін көпір үстінде солға бұрылу кезінде ақ жолақты кесіп, жолдың қарсы бөлігіне шыққан. Сөйтіп, өзге көліктерге апаттық жағдай туғызған», -дейді патрульдік полиция батальонының командирі Нұрлан Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, аталған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 596-бабының 3-бөлігімен( Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылып, 6 ай мерзімге жүргізуші құқығынан айыру мақсатында жинақталған іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданып отыр. Ал, жыл басынан бері жолдың қарсы бағытына шығып, құқық бұзушылық жасаған 251 жүргізуші 6 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 23 үйге ұрлыққа түскен қылмыстық топ мүшелері сотталғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар