Атырауда жүргізуші куәлігінен айырылғандар автобус айдаған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жүргізуші куәлігінен айырылғандар қоғамдық көлікті басқарып келгені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының прокуроры Руслан Айтимовтың айтуынша, жолаушылар тасымалдайтын кәсіпкерлік субъектілердің қызметі тексеріліп жатыр. Тексеру полиция қызметкерлерімен бірге жүргізілген.

«Атырау қаласының прокуратурасы жолаушылар тасымалдайтын кәсіпкерлік субъектілердің қызметіне тексеріс жұмыстарын бастады. Оның барысында бұдан бұрын масаң күйде көлікті басқарып, куәлігінен айырылған адамдар қоғамдық көлікті жүргізгені анықталды. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қоғам белсенділерінен қоғамдық көлік маршрутына әсер ететін заң бұзушылықтар анықталған жағдайда қала прокуратурасының «WhatsАpp» нөміріне (+7 701 652-48-76) фото, видео материалдарды жолдауды сұрайды», - деді Руслан Айтимов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жүргізуші полиция басқармасына жеткізілді. Ал қоғамдық көлік айып тұрағына қойылды.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда айыппұлын төлемей жүрген 134 борышкерден 2 млн теңге өндірілгенін хабарлаған едік.

Полиция департаментінің мәліметінше, 30 мамырдан бері «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар