Атырауда жұмыспен қамту орталығына жүгінген 28 мың адамның 40% ғана жұмысқа орналасты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жұмыспен қамту шараларына 30 мыңнан астам адам тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері жұмыспен қамту жобаларына 30 598 адам жұмыспен қамту шараларына тартылған.

«Жұмыспен қамту шаралары мемлекеттік бағдарламалар негізінде іске асырылады. Мәселен, жұмыспен қамтылған адамдардың арасында 795 жас бар. Олар «Жастар практикасы» жобасы арқылы қабылданған. Ал, түрлі оқу орындарын бітірген 100 түлек «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасып отыр. Биыл іске асырыла бастаған «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобасы аясында 41 адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылмен қоса есептегенде осы кезеңге дейін 30 598 адам жұмыспен қамтуға қатысты түрлі шаралармен қамтылып, уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналасты», -дейді Гүлболат Аманғалиева.

Оның дерегіне сүйенсек, биыл жұмыспен қамту орталықтарына 28 мыңнан аса адам жүгінген. Қазір оның 40 пайызы жұмыспен қамтылған.

Оның ішінде 8 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал, өзгелері түрлі бағдарламалар аясында уақытша, әрі әлеуметтік жұмыстармен қамтылған.

Сондай-ақ, жұмыссыз жүрген 429 адам әртүрлі мамандықты меңгеру үшін оқу курстарына жіберілген.

Ал, 855 адам «Skills» веб-жобасы арқылы онлайн курстан өткен. «Бастау-бизнес» жобасымен 2 346 адам кәсіпкерлік туралы білімін жетілдірген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы жәрмеңкеде 1 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар