Атырауда жұмыс істейтін сотталушылардың салығы мен зейнетақы жарнасы аударылмаған

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жұмысқа орналасқан сотталушылардың салығы мен зейнетақы жарнасы аударылмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық прокуратурасы сотталғандардың құқықтарын бұзу дерегін анықтады.

Мәселен, «Еңбек-Батыс» филиалында 157 сотталушының табыс салығы мен мiндеттi зейнетақы жарнасы аударылмағаны белгілі болды.

«Аталған кемшіліктерді жою мақсатында Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Ал, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», -дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы Нұрлан Исаев.

Оның айтуынша, прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдармен бірлесіп, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында пробация есебінде тұрған сотталушыларды жұмыспен қамту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген.

Оған 49 сотталушы қатысып, 41 адамның түйіндемесі тапсырылған.

«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 10 мекеме қатысты. Оның ішінде «СИЧИМ Казахстан», «ККТС», «НДТ-Сервис», «Буркит Сэйфти», «Kazakhstan Petrochemical Industries/ KPI», «Атырауинжстрой-АИС», «КасХим», «Вест Дала», «Caspian Offshore Construction Realty LLP» және «KazPetroTrans» серіктестіктері бар. Сотталған адамды түзеудің тиімді жолының бірі – оларды тұрақты жұмысқа орналастыру. Сол себептен, прокуратура органдары бұл мәселеге үнемі көңіл аударып отыр», -дейді Нұрлан Исаев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері 4 923 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар