Атырауда Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің конкурсы басталды

None
None
АТЫРАУ.ҚазАқпарат-Атырауда ақын, жазушы, Қазақстанның мемлекеттік гимні авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық конкурсы осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқауға еліміздің әр өңірінен келген 18-35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысып жатыр. Олар Жұмекеннің поэзия мен проза жанрындағы екі туындысынан үзінді оқып сайысатын болады. Шараның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Айбек Қрамбаев қатысушыларға өңір басшысы атынан алғыс білдіріп, Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығын насихаттаудың жастар үшін маңыздылығын атап өтті. Республикалық конкурс финалистерін бағалайтын қазылар алқасының төрағасы – ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов. Сонымен бірге, қазылар алқасы құрамында белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері: Бауыржан Қарабеков, Жұмабай Құлиев, Серікқали Хасан, Әбілхан Төлеуішов бар. Әділқазылардың айтуынша, қатысушыларды бағалау барысында олардың көркем мәтінді оқу шеберлігімен қатар, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамы мен сахнада өзін-өзі ұстауына, тіпті, таңдаған сахналық киіміне баса мән беріледі. Байқау жеңімпаздары дипломмен, алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен марапатталатын болады. Байқау 18 қазанда қорытындыланады.

Соңғы жаңалықтар