Атырауда жүгіруден Atyrau Marathon – 2022 қайырымдылық марафоны өтті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында бесінші рет жүгіруден «Atyrau Marathon – 2022» қайырымдылық марафоны өтті. Оған 1 мыңнан астам тұрғын қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Атырау қаласында өткен «Atyrau Marathon – 2022» қайырымдылық марафонына 1 мыңнан астам тұрғын қатысты. өтті. Марафонға қатысушылардың жарнасынан жиналған қаржы «Асар-Уме» қорына аударылады.

Марафонды өткізуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен жеңіл атлетика федерациясы, «Infinity» фитнес-клубтар желісі қолдау білдірді. Сайысқа қатысушылар төрт қашықтыққа – 5, 10, 21 және 42 шақырым жүгірді. «Алдағы 8 қазанда Атырау қаласының күні аталып өтіледі. Мұнайлы шаһар қарқынды дамып келеді. Бүгін қала күні қарсаңында марафонға 1 мыңнан астам адам қатысты. Келесі аптада да түрлі бұқаралық іс-шара мен жарыстар ұйымдастырылады», -деді Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи.

«Аtyrau Marathon – 2022» марафонының қорытындысымен 42 шақырымға жүгіруден ерлер арасында Аманқос Ислам мен әйелдер арасында Айнагүл Қуанышева мәре сызығын бірінші боп кесті. Ал, 21 шақырымға жүгіргендерден Нұркелді Аман мен Әсем Қабдош қарсыластарынан оқ бойы озып келді.

Сондай-ақ, 10 шақырымдық қашықтықта ерлер арасынан Есенбол Жаңабек, әйелдер тобынан Нұргүл Орынбасар, 5 шақырымға жүгіруден Санжар Базарбаев пен Меган Бишоп жеңімпаз атанды.

Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйлық пен медальға ие болды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Егіздер шеруіне Атырау облысында 99 бала қатысқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар