Атырауда жолаушы тасымалдау шығынын субсидиялау ұсынылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы шығынын бюджет қаражаты есебінен субсидиялауды қарастыруға болады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерлан Досанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, департаментке жолаушы тасымалына байланысты күн сайын шағымдар түседі. Әлеуметтік желіде де жағымсыз пікірлер бар.

Осыған байланысты департамент басшысы Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауимен кездесуде әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты шығындарды бюджет қаражаты есебінен субсидиялауды ұсынды.

«Қазіргі уақытта Антикор қызметі тұрғындардың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Анағұрлым тиімді жұмыс істеу мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы жасалды. Онда процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге, заңнаманың жетілдірілмеуіне байланысты шешімін таппаған өзекті мәселелер нақты көрсетілген. Қоғамдық көлік бағытын шалғай елді мекендерден қала орталығына жүру маршрутының ауысуына, тіпті сондай маршруттың мүлдем болмауына қатысты көптеген шағым түсіп отыр. Туындаған мәселені шешу үшін тасымалдаушылардың орталықтан қаланың шетіне дейін және кері қарай әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыру шығындарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялауды қарастыруға болады деп санаймын. Жолаушылар үшін жол жүру тегін болуы тиіс. Бұл тұрғындардың қаржылық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді Ерлан Досанов.

Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи бұл мәселені тез арада шешу жолдарын табуға уәде беріп отыр.

Сондай-ақ тұрғындарды экологиялық проблемалар, оның ішінде «Тухлая балка» полигонын қалпына келтіру, тазарту құрылыстарын, қаланың дренаждық және кәріз жүйелерін қайта жаңарту, автомобиль жолдарын жөндеуге қатысты мәселелер талқыланды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда оқушылар жаз бойы қоғамдық көлікте тегін жүретінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар