Атырауда жоғалып кеткен екі адамды іздеуге тікұшақ жұмылдырылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда мал іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалған екі адамды тікұшақтың көмегімен табу мүмкін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының маңындағы Алғабас ауылының екі тұрғыны 9 наурыз күні сағат 11:30 шамасында мал іздеуге шығып кеткен. Елді мекеннен 50 шақырым қашықтыққа алыстаған соң олармен байланыс үзілген.

«10 наурызда департаменттің диспетчерлік пультіне екі адамның із-түзсіз жоғалып кеткені туралы хабар түсті. Осыған байланысты департамент қызметкерлері сағат 13:25-те жол талғамайтын ТРЭКОЛ автокөлігімен жоғалған адамдарды іздеуге шықты. Оларды іздестіру жұмысына сағат 17:23-те «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жұмылдырылды. Құтқарушылар сағат 17:47-де мал іздеуге шығып, хабарсыз кеткен 58 және 54 жастағы ер адамдарды ама-есен тапты. Олардың денсаулығы қалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Бір күннен соң табылған екі ер адам отбасымен, туыстарымен қауышты.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жоғалып кеткен малшы бір күннен кейін аман табылғанын, түн ішінде қар құрсауында қалған көліктен ана мен бала құтқарылғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ Атырау облысында жанармайы таусылып, далада қалған көліктен 4 адам құтқарылған болатын. Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Миялы ауылынан 4 адам көлікпен жолға шыққан. Олар Атырау облысындағы Құлсары қаласына бармақ болған.Алайда, көліктің жанармайы таусылып, жолда қалып қойған. Құтқарушылар оларды Құлсары қаласынан 120 шақырым қашықтықтағы «Намазтақыр» учаскесінен тапты.


Соңғы жаңалықтар