Атырауда жетім балалардың мүліктік құқығын өрескел елемеу дерегі анықталды

None
Атырауда жетім балалардың мүліктік құқығын өрескел елемеу дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүддесінің сақталуына басым бағыт беріліп отыр.

«Атырау қаласының прокуратурасы Білім бөлімінің лауазымды тұлғалары жетім балалардың мүліктік құқықтарын өрескел елемегенін анықтады. «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жетім балалардың үйінің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға тиіс. Алайда, 5 жетім баланың мүлкіне үшінші тұлғаларға сатуға заңда көзделген шектеулер қойылмаған. Ал, бұл осы мүліктен айыру алғышартын туындатып отыр. Прокурорлық қадағалау іс-шараларымен осы мүлікті иеліктен шығаруға жол берілмеді. Осы санаттағы балалардың құқықтары прокуратураның қатаң бақылауында болады», -деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 11 бала үй кезегіне қойылмағанын хабарлаған болатынбыз.

Жергілікті уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен жетім және ата-ана қамқорлығын қалған 11 баланың тұрғын үй кезегіне алынбағаны анықталды. Жасөспірімдер балалар үйінен шығарылған кезде заңға сәйкес тұрғын үйсіз қалуы мүмкін. Сол себептен, прокурорлық ден қою іс-шараларынан соң 11 адам тиісті есепке алынды.


Соңғы жаңалықтар