Атырауда жеңіл көлік қаққан екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жеңіл көлік қаққан екі жасөспірім ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы кеше, 5 маусымда жергілікті уақытпен сағат 18:00 шамасында болған.

«Атырау қаласындағы А.Байтұрсынов-Афанасьев көшелерінің қиылысында Тoyota Verso маркалы автокөлігі 2 жасөспірімдерді қағып құлатты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен жасөспірімдер Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады Атырау қалалық полиция басқармасынан.

Қазір полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтап жатыр.

«Жазғы демалыстың басталуына байланысты тұрғын үй алабы мен көшелерде самокат және велосипед тізгіндеген жасөспірімдердің көбейді. Осыған байланысты жүргізушілерден жолда жүру ережесін қатаң сақтап, абай болуды ескертеміз», -деп мәлім етті полиция басқармасынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда КамАЗ көлігі қаққан 6 жасар бала мерт болғанын хабарлаған едік.

Атырау қаласының Жұлдыз-2 шағынауданында КамАЗ жүк көлігі велосипедпен келе жатқан 6 жасар баланы қағып кеткені анықталды. Көлік қаққан бала оқиға орнында көз жұмды.

Кейін жантүршігерлік жол апатынан кейін рульдегі жасөспірім ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.

Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметовтің айтуынша, мұнайлы шаһардан Дамбы бағытына қатынайтын жолдың Қызылбалық елді мекені тұсында екі көлік соқтығысқан.

Оның бірі – ВАЗ – 2141, екіншісі – Honda Odyssey көлігі. Көліктің бірін кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған. Жасөспірімнің жасы – 17-де болған.

Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнында бір ересек адам мен бір жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетті. Зардап шеккендер әртүрлі дене жарақатымен облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар