Атырауда жедел жәрдем үшін үш қосалқы стансасы бар жаңа ғимарат салынады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жедел жәрдем үшін үш қосалқы стансасы бар жаңа ғимарат салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтың айтуынша, жедел жәрдем стансасы қызметін жаңа ғимаратқа көшіру жоспарланған.

«Тұрғындардың саулығын сақтауда алғашқы медициналық жедел жәрдем қызметіне басым бағыт беріліп отыр. Сол себептен, аталған қызметтің сапасын арттыру мақсатында медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау, жаңа жедел жәрдем стансасын жаңа ғимаратқа көшіріледі. Биылғы жылдың аяғына дейін үш қосалқы станциясы бар медициналық жедел жәрдем қызметі ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланды. Жаңа ғимарат 1 негізгі және 3 қосалқы стансадан тұрады. Негізгі ғимарат Атырау қаласындағы И.Тайманұлы даңғылында орналасады. Ал, қосалқы стансалар Мирный селосындағы Ашхабад көшесінде, Жұлдыз және Балауса шағын аудандарында орналасатын болады», -деп хабарлады Қайсар Абдалиев.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметіне сүйенсек, жедел жәрдем стансасының негізгі ғимараты үшін 1,98 гектар жер телімі бөлінген.

«Жаңа ғимараттың бұрынғыдан ерекшелігі көп. Жылына 80 мың шақырту қабылдауға мүмкіндік жасалады. Тұрғындардан шақырту қабылдау және жедел жәрдем бригадасын басқару, медициналық статистика, анықтама бюросы, дәріхана секілді қызметтер қоса атқарылады. Нысан құрылысына жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаралып отыр», -деп мәлім етті Нұрберген Құсайынов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында алдағы айда 6 медициналық нысан пайдалануға берілетінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар