Атырауда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады. Жол-көлік оқиғасының салдарынан үш адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 11 қыркүйекте сағат 17:30 шамасында болған.

«Атырау қаласындағы «Балауса» шағын ауданында жедел-жәрдем бригадасының көлігі екінші деңгейлі жолақтан шығып, басты жолмен келе жатқан «Toyota Land Cruiser» көлігіне жол бермеген. Соның салдарынан екі көлік соқтығысып қалған. Соққының екпінімен жедел жәрдем көлігі жеке тұрғын үйдің қоршауына соғылған», -деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан жедел жәрдем көлігінде болған екі жолаушы және «Toyota Land Cruiser» көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.

Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттарды жинақтап жатыр.

Патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Нәсиполланың айтуынша, жыл басынан бері тек Атырау қаласының аумағында 93 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатынан 95 адам әртүрлі дене жарақатын алса, 7 адам қаза тапқан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында көлік аударылып, екі адам мерт болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар