Атырауда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жол апатынан зардап шеккен жедел жәрдем көлігінің жолаушысы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол-көлік оқиғасы бүгін, 30 қарашада жергілікті уақытпен сағат 11:00 шамасында болған.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласындағы Л.Владимирский көшесінде Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі екінші деңгейлі жолақтан шығып, басты жолда келе жатқан жедел жәрдем бригадасының көлігін өткізбеген. Сөйтіп, екі көлік жол ортасында соқтығысқан.

«Жол апатының салдарынан жедел жәрдем бригадасының көлігіндегі жолаушы дене жарақатын алды. Зардап шеккен жолаушы облыстық ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жедел жәрдем көлігі «Медикер Жайық Qamqor QP2» ЖШС-нің өңірлік филиалына тиесілі екен.

«Бұл көлікпен науқастар тасымалданбайды. Жедел жәрдем көлік курьерлік қызмет атқаруға қолданылады. Жол апаты кезінде көлікте болған курьер мен жүргізушінің өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Зардап шеккен қызметкерлердің денсаулығы емхана басшысының тікелей бақылауына алынды», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Ал, патрульдік полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттарды жинақтап жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар