Атырауда жедел жәрдем дәрігері «Жыл адамы» атанды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда медицина қызметкері «Жыл адамы – 2021» атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев «Жыл адамы – 2021» байқауының жеңімпазына арнайы жүлдені тапсырды.

Сондай-ақ, 14 аталымда жыл үздіктері анықталды.

«Байқауда «Жылдың мемлекеттік қызметкері», «Жылдың мәдениет қызметкері», «Жыл мұғалімі», «Жыл спортшысы», «Жылдың құқық қорғаушысы», «Жыл дәрігері», «Жыл құрылысшысы», «әлеуметтік саланың жыл қызметкері», «жыл кәсіпкері», «жыл журналисі», «Жылдың ауылшаруашылығы саласының қызметкері», «Жыл депутаты», «Белсенді депутат» аталымында үздік атанғандар марапатталды. Мәселен, «Үздік журналист» аталымына «Атырау» газетінің шолушысы Гүлжан Әмірова ие болды. Ал, Ғасыр Лекеров – «Коммуналдық саланың үздік қызметкері», облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева «Жыл адамы – 2021» байқауының жеңімпазы атанды», -деп мәлім етті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Наргиз Баймолдаеваның медицина саласындағы еңбек өтілі – 11 жыл.

«Медицина саласында жұмыс істеу оңай емес. Ақ халатты жандардың басты міндеті – халықтың денсаулығын қорғау. Әсіресе, соңғы екі жылда дәрігерлер мен кіші буындағы қызметкерлердің кәсіби біліктілігі сыналды. «Басты байлық – денсаулық» деген қанатты сөздің қадірін ұқтық. Науқастарды аман алып қалу үшін күні-түні еңбек еттік. Қазір қауіпті вирусқа қарсы вакцина алу жолға қойылды. Соның нәтижесінде әлемді әбігерге салған індеттің таралуын тежей бастадық», -дейді «Жыл адамы – 2021» байқауының жеңімпазы Наргиз Баймолдаева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда медицина қызметкерлеріне «Халық алғысы» медалі мен пәтер берілген болатын.


Соңғы жаңалықтар