Атырауда жазушы Рақымжан Отарбаевқа арналған кітап таныстырылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көрнекті жазушы-драматург, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Рақымжан Отарбаевқа арналған кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жазушының шығармашылығына арналған толық библиографиялық кітапты Р.Отарбаев атындағы мәдениет қоры шығарған.

«Кітапқа Рақымжан Отарбаевтың көркем, публицистикалық бағыттағы шығармалары, газет-журналдарда жарияланған драматургиялық туындылары, шет тілінде жарық көрген кітаптары, сұхбаттары мен мақалалары, жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы очерктер енді» -дейді қаламгердің жары, Рақымжан Отарбаев атындағы мәдениет қорының жетекшісі Сәуле Отарбаева.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жазушы шығармашылығының қазақ руханияты үшін маңызын атап өтті.

«Атырау өңірі де қазақ руханиятына зор үлес қосып, артына мол шығармашылық мұра қалдырған таланттарға кенде емес. Сондай таланттың бірі – Рақымжан Отарбаев. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі проза, драматургия саласында өнімді еңбек етті. Шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Оның туындылары өскелең ұрпақ үшін рухани азыққа айналды» -деді Бақытгүл Хаменова.

Жазушының ұлы Ермерей Рақымжан Отарбаев атындағы шәкіртақыны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті Бибігүл Таңатароваға табыс етті. Үздік студент қаламгердің «Новелла», «Абай сот» пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлді сомдаған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жазушы Рахымжан Отарбаев атындағы стипендияның жеңімпаздары анықталғанын жазған едік.




Соңғы жаңалықтар