Атырауда Жайықтың үстінен өтетін көпір желтоқсанда пайдалануға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында 30-40 мың халықтың емін-еркін араласуына жол ашатын Жайық өзенінің үстінен өтетін аспалы көпір желтоқсан айында іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы облысымызға сапар барысында әрдайым өңір халқын толғандыратын, инфрақұрылымды дамыту жөнінде тұрғындардың сұранысы жоғары мәселелеріне көңіл бөліп отырады. Президент биыл 23 тамыз күні Атырау облысына ресми сапары кезінде осы мәселемен танысқан болатын. Осылайша, «Атырау-Астрахан» тас жолын 2018-2020 жылдары аяқтау туралы тапсырма берген еді. Оның сыртында Махамбет елді мекенінің қасындағы - екі жақтағы 30-40 мың адамның емін-еркін араласуына, бизнесінің дамуына, сол жердегі ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің ісін дөңгелетуге жағдай жасайтын, Жайық өзенінің үстінен өтетін көпірге қажетті қаражатты бөлу турасында тапсырма берген болатын», - деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс басшысының айтуына қарағанда, Үкімет көпір салу турасында ұсынысты толық қолдаған.

«Осы желтоқсан айында Жайық өзенінің үстінен өтетін аспалы көпірді іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Еске сала кетсек, аталмыш баспасөз мәслихатында Нұрлан Ноғаев өңірдегі балық шаруашылығының табысын да атап өткен болатын. Оның айтуынша, атыраулық балық өңдеуші кәсіпорындар 500 келі қара уылдырық саудалау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр.

Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев Атырау облысында жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысан іске қосылатынын хабарлаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар