Атырауда Жайыққа батқан 7 жасар баланы іздеу қайта жалғасты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзеніне батқан 7 жасар баланы іздеу қайта жалғасты. Ол жағада тұрған қайықтың үстінде ойнап жүріп, суға құлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, іздеу жұмыстары бүгін, 15 тамызда жергілікті уақытпен сағат 7:30-да қайта басталды.

«Кеше, 14 тамызда сағат 21:00 шамасында Атырау қаласының маңындағы Қызылбалық ауылында Жайық өзенінің жағасында тұрған қайықтардың үстінде ойнап жүрген 2015 жылғы бала суға құлап кеткен. Оны іздестіру сол күні сағат 22:25-те басталып, 15 тамызда сағат 00:27-де тоқтатылған еді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Жайық өзеніне батып кеткен баланы іздеуге департаменттің 4 сүңгуірі мен 1 техникасы тартылған.

Әзірге суға батып кеткен баланы іздеу нәтиже берген жоқ.

Белгілі болғандай, биылғы жыл басынан бері өңірдегі өзен-көлдерде 17 адам, оның ішінде 6 жасөспірім суға батып кеткен. Оның ішінде Атырау қаласында 2, Махамбет ауданында – 6, Құрманғазыда – 3, Жылыойда – 2, Қызылқоғада – 2, Индер ауданында – 2 адам.

«Биыл суға түсу маусымы басталған 1 маусымынан бері 11 адам, оның ішінде 5 бала қаза тапты. Департаментке қарасты жедел құтқару жасағының құтқарушылары суға батқан 6 адамды құтқарып қалды. Оның ішінде 3 бала бар. Су айдындарында адам өлімін болдырмау мақсатында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, полицейлермен, Атырау қалалық және аудандық әкімдіктердің өкілдерімен бірлесіп күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Профилактикалық іс-шараларға 273 адам мен 44 автокөлік, жүзу құралдары тартылып отыр», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайықтың жағасында тұрған қайықта ойнап жүрген бала суға батып кеткенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар