Атырауда Жайық жағалауын ластаған 150-ге жуық адам жазаланды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жыл басынан бері Жайық өзенінің жағалауына қоқыс тастаған 150-ге жуық адам жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық экология департаментінің мамандары Жайық өзені жағалауының тазалығына рейдтік іс-шара өткізіп келеді.

«Қоршаған ортаның тазалығына әр адам жауапты болуы керек. Әсіресе, жаз айларындағы суға түсу маусымында тұрғындар жағалауға да, өздері тұратын елді мекенде де қоқыс қалдықтарын тастап кетеді. Балық аулаушылар да қоқыс қалдығын тастайды. Сол себептен, полиция қызметкерлерімен бірлесіп Жайық өзенінің Алмалы, Береке, Бесікті, Талғайраң, Ақсай, Еркінқала, Дамбы ауылдық округтері тұсындағы жағалауында рейдтік іс-шара өткізілді. Мақсат – тұрғындарға қоршаған ортаны ластамаудың маңызын түсіндіріп, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету. Жыл басынан бері қоршаған ортаны бүлдірген 150-ге жуық адам әкімшілік жауапқа тартылып, әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды» -дейді департаменттің баспасөз хатшысы Эльнара Оралқызы.

Сондай-ақ, Жайық жағалауында алкогольдік ішімдік ішіп, қоқыс тастаған 50-ден астам адам жазаланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында заңсыз 130 қоқыс үйіндісі ғарыштан мониторингілеу барысында анықталған еді.


Соңғы жаңалықтар