Атырауда жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыс саны көбейген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыс саны көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Әлібек Қайыровтың мәліметінше, былтырғы 7 айда кәмелетке толмағандар 37 қылмыс жасаған. Ал, биыл олардың қатысуымен жасалған 19 қылмыс тіркелген.

«Бізді жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыстың көбейгені алаңдатып отыр. Мәселен, өткен жылы 7 айда кәмелетке толмағандардың құқығы бұзылған 53 қылмыс анықталды. Биыл осындай 78 қылмыс тіркеліп отыр. Қылмыстың көпшілігін жасөспірімдердің өгей әкесі, көршілері мен туыстары жыныстық зорлық-зомбылық түрінде жасайды» -дейді Әлібек Қайыров.

Оның орынбасары Мырзалы Өтеғалиевтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен 37 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік оқиғасынан 37 бала жарақат алып, алтауы қайтыс болған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір аптада 9 жасөспірім жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар