Атырауда жасөспірімдердің лифтіде қаза табуы: Тергеу басталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда лифт шахтасында жасөспірімдердің қаза табу оқиғасын тергеу басталды. Сондай-ақ құрылған арнайы комиссия қаладағы барлық лифтілерді тексеруге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау қалалық әкімдігінің Төтенше жағдайлар және жұмылдыру жұмыстары бөлімінің басшысы Талғар Хайруллин мәлімдеді.

Оның айтуынша, екі жасөспірімнің қаза табуына қатысты оқиғаның себебін анықтайтын комиссия құрылған.

null«Барлық лифт шаруашылықтарына тексеру жүргізіледі. Қалада көпқабатты 94 тұрғын үйде 266 лифт орнатылған. Оның 32-сі жұмыс істемейді, жетеуі жүк лифтісі», - дейді Талғар Хайруллин.

Қайғылы оқиға болған үйдегі жүк лифтісіне 2012 жылы демонтаж жасалған, есіктері дәнекерленген.

«Жасөспірімдердің лифт шахтасына қалай кіргендерін тергеу жұмыстары мен құрылған комиссия анықтайды», -  дейді Т.Хайруллин.

Еске сала кетсек, Қайғылы жағдай Алмагүл шағын ауданындағы №19 үйде 21 мамыр күні кешкісін болған. 14 жастағы екі жасөспірім 15-қабатта жұмыс істемей тұрған жүк таситын лифтінің есігіне кірген. Сол сәтте екеуі де шахтаға құлап кеткен. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екіншісі ауруханаға жеткізіліп, ол жансақтау бөлімінде көз жұмды. 

Аталмыш тұрғын үй 2007 жылы салынған, 2010 жылы үй күрделі жөндеуден өтіп, сол кезде лифтілері де жөнделген. Лифтілерді іске қосумен «Каспий лифт» ЖШС айналысады. Пәтер иелері кооперативі, баспана иегерлері мен аталған мекеме арасында үшжақты келісім жасалған.

Соңғы жаңалықтар