Атырауда жантүршігерлік жол апатынан кейін рульдегі жасөспірім ауруханаға түсті

None
Видеодан алынған кадр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі көлік соқтығысып, 2 адам ауруханаға түсті. Оның бірі – кәмелетке толмаған жасөспірім, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы бүгін, 1 маусымда жергілікті уақытпен сағат 12:20 шамасында болған. Бұл туралы әлеуметтік желіде видео тарады.

Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметовтің айтуынша, мұнайлы шаһардан Дамбы бағытына қатынайтын жолдың Қызылбалық елді мекені тұсында екі көлік соқтығысқан.

Оның бірі – ВАЗ – 2141, екіншісі – Honda Odyssey көлігі. Көліктің бірін кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған. Жасөспірімнің жасы – 17-де.

«Көлік жүргізушілеріне жолда жүру ережесін қатаң сақтауды ескертеміз. Жол-көлік апаты адам өміріне қауіп төндіретінін әрдайым есте ұстаған жөн», -деп мәлім етті Ерсін Қожахметов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік апаты туралы 103 пультіне сағат 12:30-да хабар түскен.

«Шақыртуға байланысты оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Оқиға орнында бір ересек адам мен бір жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір зардап шеккен олар әртүрлі дене жарақатымен облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіде «Ауыр дене жарақатын алған мектеп түлектері бар. Олар көліктің терезесінен денесін шығарған» деген ақпарат тараған еді.

Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жоққа шығарды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында биылғы үш айда жол-көлік оқиғалары 15,2 пайызға азайғанын жазған болатынбыз.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, жыл басынан бергі үш айда жол-көлік оқиғаларының саны 15,2%-ға азайған. Жол апатынан қаза болғандар саны 80%-ға, жарақат алғандар 7,1%-ға төмендеген.

Сондай-ақ, КамАЗ көлігі қаққан 6 жасар бала мерт болғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар