Атырауда жансақтау бөлімінде жатқан 10 науқастың жағдайы ауыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда коронавирус жұқтырып, жансақтау бөлімінде жатқан 10 науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиевтың мәлім етуінше, инфекциялық стационарларда барлығы 464 пациент ем қабылдап жатыр. Өңірдегі инфекциялық стационарлардың жүктемесі 24%-ды құрайды.

«Атырау қаласындағы №2 облыстық ауруханада 8, модульдік стационарда 123, Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 309 науқас емделіп жатыр. Сондай-ақ, Жылыой аудандық ауруханасында – 4, Индер аудандық ауруханасында – 7, Исатай аудандық ауруханасында – 1, Құрманғазы аудандық ауруханасында – 3, Қызылқоға аудандық ауруханасында – 4, Махамбет аудандық ауруханасында 5 науқас емделуде», - дейді Қайсар Абдалиев.

Оның айтуынша, Сovid-19 диагнозымен жансақтау бөлімінде 13 науқас түскен. Оның ішінде 10 науқас ауыр халде, үш науқас өте ауыр халде жатыр. Ал, екі пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Атырау облысында 430 төсектік резервтік инфекциялық стационар дайындалған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір тәулікте 93 адамнан коронавирус анықталған еді.


Соңғы жаңалықтар