Атырауда жаңадан ашылатын екі мектепке әл-Фараби мен Дінмұхамед Қонаевтың есімі беріледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі мектепті әл-Фараби мен Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атау көзделіп отыр. Қос нысан да жаңа оқу жылында ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Атырау қаласындағы «Нұрсая» және «Сарыарқа» шағынаудандарында ВINOM мектептері жұмысын бастайды.

Қазір білім ордаларының ғимараттарындарында заманға сай безендіру, аумағын абаттандыру секілді жұмыстарды атқару қолға алынған. Екі мектепке әл-Фараби мен Дінмұхамед Қонаевтың есімі беріледі. Мектептерде жұмыс істеу үшін мұғалімдерден өтініш қабылдау жүріп жатыр. Мұғалімдер мектептерге конкурстық негізде қабылданады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау мектебіне жазушы Әбіш Кекілбайұлының есімі берілгенін хабарлаған болатынбыз. Бұл мектеп мұнайлы шаһардағы «Самал» шағынауданында орналасқан. Қазір білім ордасында 800-ден астам оқушы білім алады. Алдағы оқу жылында мектепте «Әбіштану оқулары» бағытымен қосымша сабақ жүргізу көзделіп отыр.

«Әбіш Кекілбаев – қазақтың рухын көтерген, мақтанышы болған жазушы. Әрі үлкен саяси додада кең жүрегімен, дархан мінезімен сөздің қадірін, қасиетін білетін сөз майталманы. Оны ұлттық рухымыздың көтерілуіне ерекше әсер еткен тарихи тұлғамыз деп білеміз. Өйткені, ол саяси қайраткер ретінде ел тәуелсіздігінің нығаюына, мемлекеттің қалыптасуына, халықты бірлікке ұйытуға көп іс атқарды. Осы мектепте оқитын оқушылар Әбіш атамыздай мемлекетіне адал қызмет ететін қоғамның белсенді азаматтары болып өсетініне сенемін», - деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.


Соңғы жаңалықтар