Атырауда Жамбыл ақынның жеке бұйымдары көшпелі көрмеге қойылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Домбыра күніне орай Жамбыл ақынның тұтынған бұйымдары көшпелі көрмеге қойылды. Оның ішінде екі домбырасы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы жыраудың асыл мұрасы» атты көшпелі көрме өтті.

«Жамбыл ақынның шығармашылығының 75 жылдығына орай 92 жасында 12 бөлмелі үй берілген еді. Атамыз өмірден өткенге дейін сол үйде тұрды. Атамыз өмірден өткеніне екі жылдан соң сол үй Жамбыл музейіне айналды. Атырау жұртшылығының назарына ұсынылған көрмеге ақын атамыздың пайдаланған жеке бұйымдарын, домбырасы мен киген шапанын, отбасылық суреттерді, өзге де құнды жәдігерлерді әкелдік. Үш күн бойы атыраулық жұртшылығына Жамбыл ақынның өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат ұсындық», - дейді ұлы ақынның немересі Салтанат Жамбылова.

Оның айтуынша, ақынның әдеби мемориалдық музейі Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында орналасқан. Ал, Атыраудағы көрмеге қойылған көне жәдігердің бірі – Жамбыл ақынның жас кезінде ұстаған домбырасы. Ұлттық аспаптың шегі ешкінің ішегінен жасалған.

«Қазір ақынның ұрпақтары Алматы облысында тұрады. Немерелерінің бірі – мен Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейінің директоры болсам, шөбересінің бірі осы музейде қор сақтаушысы болып жұмыс істейді. Біз үшін атамыздың ең құнды жәдігері – домбырасы мен шығармашылығы. Атамыз домбырасын қолынан тастамай, қазақтың ұлттық аспабы ретінде қадір тұтты», - дейді Салтанат Жамбылова.

Көрмені тамашалаған жұртшылыққа «Дарын» өнер мектебі студиясының өнерпаздары «Домбыра» биін орындап берді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп, Жамбыл шығармашылығын зерттеуші ғалым Айкүміс Қыдырбаева ақынның тағылымды өмір жолы, жыраудың дүниетанымы мен мұрасы туралы әңгімеледі.

«Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттың өнерінің бірі – айтыс. Жамбыл ақын дәл осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізіп, оны мейлінше кеңінен насихаттады. Сол себептен, ақынның шығармашылығы әлі де сан қырынан зерттелуі керек», -дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау музейінде қос мереке қарсаңында экспозициялық залдар ашылған болатын.

Фото: Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі




Соңғы жаңалықтар