Атырауда ыстық су беру тағы бірнеше күнге тоқтайды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында ыстық су беру тағы бірнеше күнге тоқтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 мамырда ыстық беру уақытша тотатылады.

«Күрделі жөндеу жоспарының кестесіне сәйкес жылу пунктерінің жабдықтарына тексеру, жөндеу жүргізіледі. Осыған байланысты «Атырау жылу жүйелері» АҚ 2023 жылғы 29 мамыр мен 2 маусым аралығында жекелеген мекенжайлар бойынша ыстық су беру уақытша тоқтатылатынын хабарлайды», - делінген энергетикалық кешен мәліметінде.

Жөндеу жұмыстарын Атырау қаласындағы үш жылу беру бекетерінде жүргізу жоспарланып отыр. Сол себептен, шаһар орталығындағы Әліпов, Махамбет, Азаттық, Амангелді, Смагұлов, Досмұхамбетов, Яблочная көшелерінде орналасқан көпқабатты 30 үйдің тұрғындары ыстық сусыз отырады. Сондай-ақ Авангард-3 шағын ауданындағы көпқабатты 31 үйге ыстық су уақытша берілмейді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда үш күн қатарынан ыстық су болмайтынын хабарлаған едік. Мұнайлы шаһарда ыстық су беру 19-21 сәуір аралығында тоқтатылды. «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамы мұның себебін магистралдық және жылу тарату желілерінде гидравликалық беріктік пен тығыздық үшін жоспарлы сынау жүргізумен байланыстырған еді.

«Сынақ жүргізу кезінде жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін сынау кезеңінде жылу трассасының құбырларына 10 метрден жақын қашықтыққа жақындамау сұралады. Тұрба құбырларында су ағу мен жарылуды байқалса, бұл туралы 8-7122-994307, 99-43-98, 32-22-58 байланыс телефондарына дереу хабарлауды өтінеміз» делінген болатын хабарламада.


Соңғы жаңалықтар