Атырауда воркаут-алаңдары салынады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында тозығы жеткен 8 спорттық-жаттығу алаңының орнына жаңа воркаут-алаңдары салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаладағы кейбір спорттық-алаңдардың әсіресе, «Авангард» ықшамауданындағы, Смағұлов көшесі мен Жайық жағалауында орналасқандарының әбден тозығы жеткен. Осыны ескерген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі олардың орнына воркаут-алаңдарын салуды қолға алған.

Мұндай алаңдар барлығы 8 жерде пайда болады. Олардың алатын аумағы әртүрлі – 150 шаршы метрден басталып 400 шаршы метрге дейін. Тиісінше, аумақтарына қарай түрлі спорттық құралдармен жабдықталады. «Жоспар бойынша, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты мердігер алаңдарды салу үшін жерді дайындау жұмыстарын бастап кетті. Аталған жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады деп көзделген», – деді қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз-хатшысы Аңсаған Сағынбаева. Бөлім мамандарының айтуынша, воркаут-алаңдары спорттық-жаттығу алаңдарына қарағанда, ұзақ мерзімге дейін төзімді.

Соңғы жаңалықтар