Атырауда ұсталған «педофил» қамауда көз жұмды - фейк

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ұсталған күдіктінің қайтыс болғаны туралы жалған ақпарат тараған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімді зорлауға оқталу кезінде ұсталған күдіктінің қамауда қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Әлеуметтік желі қолданушыларынан көрінеу жалған ақпарат таратуға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен жауапкершілік көзделгенін хабарлаймыз. Қазір аталған дерекке қатысты жалған және заңсыз ақпарат таратқан адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын Атырау тұрғыны 13 жасар қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған еді.

Ер адам «Reno Duster» көлігін заңсыз басқарып кетіп, көпқабатты үйлердің ауласына тоқтаған. Көлік салонында 13 жастағы жасөспірім қызды зорлауға оқталған.

Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде күдікті ұстаған. 34 жастағы күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4 бөлігімен, яғни жасөспірімді зорлауға оқталу дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдікті тергеу изоляторына қамауға алынған.

Кейін күдіктіге қатысты жаңа деректер айтылды.

Атырау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне 6 желтоқсанда сағат 11:31-де «Renault duster» маркалы автокөлігі ұрланғаны хабарланған.

«Әйел адам көлікпен дүкенге барған. Қызын көлікте қалдырып, өзі дүкенге кіріп кеткен. Дүкеннен шыққанда көлігін таппай қалған. Патрульдік полиция басқармасының қызметкерлері ұрланған көлікті Атырау қаласындағы «Авангард» шағынауданында тұрғанын анықтады. Көлікті 1988 жылғы ер адам ұрлап әкеткен. Ал, көлік салонында отырған 13 жасар жасөспірім қызға церебралды сал ауруы диагнозы қойылған», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар