Атырауда үш жыл тұрған шетелдік жасөспірім домбыра үйреніп алды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда үш жыл тұрған шетелдік жасөспірім домбыра тартып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Радек есімді шетелдік жасөспірім Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында туған. Кейін ата-анасының жұмыс бабымен Қазақстанға келіп, Атырауда үш жыл тұрған.

«Қазақстанға келгенге дейін АҚШ пен Польшада тұрдық. Қазақ халқының ұлттық киімі мен тағамдары, ұлттық аспабы – домбыра қатты ұнады», - дейді шетелдік жасөспірім.

Әкесі Хаймиш Полстың айтуынша, оның отбасы Атырауға 2017 жылы келген. Өзі осындағы шетелдік компанияда жұмыс істейді.

«Радектің музыкаға құштарлығын байқап, домбыра шертуді үйренгенін қаладық. Біз қай елде тұрсақ, сол елдің мәдениетіне қызығушылық танытамыз. Сол себептен, ұлыма домбыра сатып алып бердім», - дейді Хаймиш Полс.


Шетелдік жасөспірімге домбыра үйреткен ұстазы – Жаңылхан Ғалымқызы. Оның сөзінще, Радек демалыс күндері бір, не екі рет домбыра үйренуге келіп тұрған. Осылай 6-7 айда домбыра шертуді меңгеріп алған. Қазір 4-5 күйді жаңылмай орындайды. Әсіресе, Құрманғазының шығармаларын орындағанды ұнатады. Соның ішінде «Адай» мен «Келіншек» күйлері бар.

«Былтырғы жылдың сәуірінде пандемияға байланысты Польшаға барып, Қазақстанға қайта орала алмадық. Қазір домбыра шертуді үйреткен ұстазымнан әр жексенбі сайын Skype арқылы дәріс алып жүрмін. Польшада қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Көзімнің қарасы» туындысын үйрендім. Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, 2021 жыл бақ-береке әкелсін деп тілеймін», - дейді Радек.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда шетелдік компания қызметкерлері түскі үзілісте асық ойнайтынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар