Атырауда үш жүз отбасыға құрбан малының еті таратылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау халқы қасиетті Құрбан айт мерекесін кең көлемде атап өтуде. Жергілікті уақытпен 7.30-да облысқа қарасты барлық мешіттерде айт намазы оқылып, оның соңы мерекелік шараларға ұласты. Сондай-ақ, үш жүз отбасыға құрбан малының еті таратылды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық «Иманғали» мешітіне жиналған халық санында шек болмады. Жиналған жамағатты қасиетті мерекемен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, мұнайлы өлкенің Бас имамы Батыржан Мансұров құттықтап, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ыстық лебізін жеткізді. Және құттықтау сөзінде Құрбан айт мейрамының мәніне тоқталды.

«Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың» деп, бірқатар хадистерді мысалға келтірген Бас имам Батыржан қажы Берденұлы күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырды.

Құрбан айт мерекесінің маңызын мәдени-көпшілік шаралар арттыра түсті. Жиналған жұртшылық алдымен мешіт ауласында құрылған алты қанатты киіз үйде жайылған айттық дастарханнан дәм татты. Бұдан соң ерлер жамағаты спорттық ойындардан бақ сынасты.

Қазақша қол күрес жарысында Мұрат Әбуталиев бірінші орынды жеңіп алды. Адият Мубарин мен Жасұлан Шейхназаров екінші және үшінші орынды өзара бөлісті. Кір тасын көтеру бойынша өткен сайыста Бақтыбек Бектемісов оқ бойы озық шықты. Екінші орынды Айбол Мұхамбетов иемденді. Ерсейіт Біралин мен Нұрлыбек Халидолла үшінші орынға лайық деп танылды. Қазақша күрес ойынына да ерлер жамағаты ерекше қызығушылықпен қатысты. Тартысты бәсекеде Руслан Ізғалиев үздік деп танылды. Дулат Багенов пен Сұлтан Өтешов екінші және үшінші орындарды иемденді. Бірінші орын алған жеңімпаздарға қой малы сыйға тартылды. Екінші және үшінші орын иегерлеріне қаржылай сыйлық табыс етілді.

null null 

Соңғы жаңалықтар