Атырауда үш күнде түнімен көшеде жүрген 70-ге жуық жасөспірім ұсталды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда үш күнде түнде көшеде жүрген 70-ге жуық жасөспірім ұсталды. Оның ішінде ұрлық жасағандар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіншее, 26 маусым-2 мамыр аралығында «Каникул» іс-шарасы өтіп жатыр.

Аталған іс-шараның үш күнінде түнгі мезгілде ата-ананың қарауынсыз жүрген 70-ке жуық жасөспірім ұсталған.

«Іс-шараның мақсаты – балалардың құқықтарын бұзу дерегін анықтау, олардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алуды анықтау. Сондай-ақ, балалар еңбегін пайдалану, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау көзделген. Ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары үш күнде түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде шыққан 70-ке жуық жасөспірімді ұстады. Олардың ата-аналары ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері бір жасөспірімді қоғамдық орында алкогольдік ішімдік iшкен күйде жүргені, тағы бір жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ұстаған. Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған 3 ата-ана анықталып отыр.

«Мәселен, 26 мамырда «Авангард» шағынауданында орналасқан супермаркетте 3 жасөспірім ұсақ-түйек заттарды жасырын түрде ұрлап, сөмкеге салып бара жатқан кезде ұсталды. Полиция қызметкерлері ұсталған жасөспірімдердің ата-аналары балаларының тәрбиесімен айналыспағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлімімен әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бәстесуден ұтылған жасөспірім полицияға жалған хабар бергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар