Атырауда үш күнде 20-ға жуық мекеме карантин талабын бұзған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда үш күнде 20-ға жуық кәсіпкерлік нысан карантин талабын бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұдан бұрын Атырауда мейрамханалар мен дәмханалардың жұмыс уақыты 20:00-ге дейін қысқарған болатын.

Алайда, кейбір кәсіпкерлік нысандардың иелері бұл талапты сақтамай отыр. Мұндай дерек Атырау қалалық Полиция басқармасы мен қалалық әкімдік қызметкерлерінен құралған мониторингілік топтың жүргізген рейдтік іс-шарасында анықталған.

«Мәселен, 29 қаңтарда кешкі сағат 21:40-та Б.Құлманов көшесінде орналасқан «Chechil Pub» бары, ал сағат 22:45 шамасында Азаттық көшесінде «Vivaldi», сағат 23:30-да Қарымсақов көшесіндегі «Urban» мейрамханасы жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Аталған мейрамханалардың әрқайсысының ішінде шамамен 30-ға жуық адам болған.

Карантиндік шектеу талабын «Эльдорадо» мейрамханасы мен «Керуен» тойханасы да бұзған. Соңғысында 20-ға жуық адамның қатысумен туған күн кеші өткен. Сондай-ақ, «Морокко» мейрамханасында 50-ден астам адамға қызмет көрсетілген», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ал, 30 қаңтарда «Рыба моей мечты» караоке-клубы, «Лото» ойын-сауық клубы, «Тофу», «Родем», «Аспандияр» мейрамханалары шектеулі уақыттан кейін жұмыс істегені белгілі болды. Бұған дейін «Рыба моей мечты» клубы мен «Тофу» мейрамханасы карантин режимін бірнеше рет бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған еді. «Аспандияр» мейрамханасында да туған күн кеші өткен.

Карантиндік шектеу талабының бұзылғаны 31 қаңтарда да анықталған. Жексенбі күні «Маша и Медведь», «Кәусар», «Сұлтан Холл» мейрамханаларында 40-50 адамға дейін қатысқан туған күн кештері тойланған. Жұмыскер кентінде орналасқан «Керемет» моншасы да келушілерге қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, 31 қаңтарда «Персона А», «Белучи» киім дүкендері шектеуге қарамастан жұмыс істеген.

Карантин талаптарын бұзумен байланысты анықталған деректерге қатысты жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.


Соңғы жаңалықтар