Атырауда ұн тартатын диірмен іске қосылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасының қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Атырауда ұн тартатын диірмен іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Ұн тартатын диірмен жобасы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған  мемлекеттік бағдарламалар  аясында қолға алынған.  «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да септігін тигізді. Диірмен заманауи итальяндық құралдармен жабдықталған. Басқару процесі толығымен автоматтандырылған.  Өндірісті планшет арқылы басқаруға болады, - дейді жоба жетекшісі Рашид Отаров.

Диірмен «Дәулет» жекеменшік индустриялық аймағында орналасқан.  Кешеннің басты бағыты  - нан және макарон өнімдерін дайындайтын жоғары және бірінші сұрыптағы ұн алуға қажет бидайды өңдеу.  Ұнтақ жарма мен кебек шығару да жоспарда бар. Мекеменің мақсаты азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптерде 100 пайыз қазақстандық мазмұнды дамыту,   отандық тауар өндіруді ұлғайту.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев телекөпір басталғанға дейін өндіріспен танысып,  мұндай жобалар мұнайлы өңір үшін маңызды екенін атап өтті. Жергілікті сапалы өнім болашақта сырттан келетін ауыл шаруашылығы тауарларымен бәсекеге түсе алады.

 Жоба бастамашыларының айтуынша,  өндіріске қажет бидай Солтүстік Қазақстаннан сатып алынады.  Шығарылатын өнім Қазақстанның батыс өңірінің қажеттілігін толық жабады.  Болашақта диірмен өнімдерін ТМД және Азия елдеріне экспорттау жоспарланып отыр.

Айта кетелік, жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын жоба жылына 55 мың тонна өнім шығарады.

 

Соңғы жаңалықтар