Атырауда Ұлттық сараптама орталығы филиалының директоры мен 13 қызметкері коронавирус жұқтырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Ұлттық сараптама орталығы филиалының 14 қызметкері коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін аталған филиалдың бір қызметкерінен қауіпті індет анықталған. Кейін науқаспен байланыста болған 13 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды.

Науқастың бірі –филиалдың директоры, Атырау облысының бұрынғы бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев. Оның өзі әлеуметтік желіде індетке шалдыққаны туралы жазды.

«Бүгін мен тапсырған ПТР тест қорытындысы оң нәтиже берді. Мен санитарлық қорғаныс талаптарын сақтап, маска тақтым, қолғап кидім. Қолыма дезинфекция жүргіздім. Коронавирустың мені айналып өтетініне сенімді едім. Бірақ, олай болмай шықты», -деп жазды Темірбек Мұсағалиев.

Аталған филиалдың індет жұқтырған қызметкерлері әкімшілік персоналда жұмыс істеген, олардың зертханаға қатысы болмаған. Орталық ғимаратына дезинфекция жүргізілген. Қазір зертхана қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.

Еске сала кетелік, маусымнан бері «Ембімұнайгазда» 136 адам коронавирус жұқтырды.


Соңғы жаңалықтар