Атырауда Ұлттық домбыра күнінде 6 сәби дүниеге есігін ашты

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысының перинаталдық орталығында бір ұл, бес қыз бала дүниеге келді.

Ұлттық домбыра күніне орай, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі және облыстық Аналар кеңесі «Бабалардың көзіндей, қасиетті Домбыра» қайырымдылық акциясы аясында дүние есігін ашқан сәбилерге қазақтың ұлттық домбырасын сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш акцияның мақсаты қазақтың ұлттық аспабы домбыраны насихаттау арқылы ұлттық мәдениетті сақтау.

Салтанатты шара барысында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова аналарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Сонымен қатар, сәбилерін құшағына алған аналарға қазақтың ұлттық домбырасы мен тағы басқа сыйлықтарын тарту етті.

«Киелі де қасиетті Атырау жерінде Елбасымыз белгілеген Ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өтудеміз. Мұнайлы Атырау- күй ордасы. Атақты Құрманғазы бабамыз бен Дина анамыз, күй қағандары Рысбай, Әзидолла, Қаршыға аталарымыз бен қазіргі таңда бәрімізді өнерімен сүйсіндіріп отырған Айгүл Үлкенбаеваның Отаны. Сондықтан бұл мерекенің біздің елде ерекшелігі өте зор. Біздер осы атаулы датаға орай, аналар кеңесінің құрамы мен мүшелері жас аналарды мерекемен құттықтап, жақсы тілектерімізді айтып, сый-сияпатымызды ұсындық», дейді облыстық аналар кеңесінің төрайымы Тамара Амантурлина.

Бүгін айтулы Ұлттық домбыра күнінде дүниеге есігін ашқан сәби Кенжалиевтердің тұңғыш немересі. Іңкәр есімді жас ана сәбиінің туған күнін осы дәл осы мерекемен тұспа-тұс әкелгеніне қуанышты екенін айтады.

«Атырау облысының перинаталдық орталығында Ұлттық домбыра күніне қараған түні сағат 00.20-да дүниеге ұл бала әкелдім. Орталықтың дәрігерлеріне алғысым шексіз. Өйткені, күндізден бері қасымда дәрігерлер көмектерін аямай, жанымда қамқорлықтарын көрсетіп жүр. Ойламаған жерден қазақтың Ұлттық домбыра күніне тап болып тұрмыз және бұған қуаныштымыз. Ұлттық аспабымызды әрқашан дәріптеуге дайынбыз», дейді жас ана Іңкәр Жәнібекова.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шілденің алғашқы жексенбісін - Ұлттық домбыра күні деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Аталған құжатқа сәйкес бүгін Қазақстан жұртшылығы Ұлттық домбыра күнін алғаш рет атап өтті.

Соңғы жаңалықтар