Атырауда ТЖМ өңірлік департаментінің басшысы пара алу күдігімен ұсталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің директоры пара алу күдігімен ұсталды. Күдікті өз кінәсін мойындаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерұлан Серікқалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын Атырау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы пара алу күдігімен ұсталған.

Күдікті өз кінәсін мойындағандықтан қамауға алынбаған.

«Қазір пара алғаны үшін ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл қылмыстық істің мән-жайы туралы ақпарат кейінірек беріледі», -деп мәлім етті жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерұлан Серікқалиев.

Бұдан бұрын сыбайлас жемқорлық дерегімен Атырау облысы әкімінің екі орынбасары сотталған болатын.

Оның бірі әкімнің бұрынғы бірінші орынбасары 10 жылға сотталды.

Сот үкімімен әкімнің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевқа 10 (он) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Облыс әкімінің тағы бір бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталғанын жазған едік.

«Сот Бақытгүл Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының бары ескерілді. Сотталушыға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі жас баласының болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды», -делінген соттың хабарламасында.

Сондай-ақ, Атырауда ҚТЖ филиалының директоры қамауға алынған еді.


Соңғы жаңалықтар